МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ «АЛТЫН БЕЛГІНІ» ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ

МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ «АЛТЫН БЕЛГІНІ» ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙДЫ

«Алтын белгіге» үміткер 11-сынып түлектері биылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен қорытынды емтихан тапсырады. Жаңашылдықтың негізгі мақсаты – емтихандарды өткізудегі ашықтықты күшейту және оқушылардың оқу жетістіктерін тәуелсіз бағалау. Бұл туралы министрліктің әлеуметтік желілеріндегі «БҒМ-Live» жобасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтты.

Еске салайық, былтыр пандемияға қарамастан «Алтын белгі» иегері атанған түлектер рекордтық көрсеткішке жетті. Оның үстіне басқа облыстармен салыстырғанда білім сапасы төмен Түркістан облысы көш бастады.

Сондай-ақ бұрын алдын ала өтініш бергендердің саны 10 мыңнан асса, қазір олардың саны 7 мыңға дейін азайған.

Айта кетейік, былтыр мұғалімдердің тамыз кеңесінде «Алтын белгі» үміткерлеріне қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күшейту туралы шешім қабылданған болатын.

Емтихандық тапсырмалардың мазмұны «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер және тапсыру орнына қарамастан қалған барлық бітіруші үшін бірдей болады.

«Алтын белгіге» үміткерлер үшін енгізілген өзгерістер академиялық адалдық пен ашықтықты сақтауға бағытталған. Біз осындай өзгерістерді оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіп жатырмыз және бұл жұмыс жалғасын табады. Оқушы өз мектебінде емтихан тапсырғанда, мұғалімі оған көмектескісі келеді. Бұл - дұрыс емес. Жақсы оқыған оқушы қорықпайды. Бірақ бас тартқандар да өздері біледі. Оған да құқы бар. Егер түлек немесе оның ата-анасы «Алтын белгі» белгісіне тапсырғысы келмесе және бір пәнді Назарбаев Зияткерлік мектебінде тапсырғысы келмесе, мұндай мүмкіндік те бар. Мұндай жағдайда ата-анасы өтініш жазып, оқушы 5 емтиханды өз мектебінде тапсырады, егер ол барлық емтиханды 5-ке тапсырса, үздік аттестатқа ие болады», - деп түсіндірді ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.

Ол «Алтын белгіге» үміткер шалғай елді мекендердің оқушылары МЗМ базасында емтихан тапсыру үшін көлікпе қамтамасыз етіліп, жауапты қызметкерлер оларды жолда алып жүреді.

Еске салайық, «Алтын белгінің» болуы жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім грантын алуға құқық бермейді. Белгі иелері конкурсқа барлық үміткермен жалпы шарттар бойынша қатысады.