АЛМАТЫ Қ. БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚАЛАДАҒЫ БАРЛЫҚ БАЛАБАҚШАНЫ ТЕКСЕРЕДІ

АЛМАТЫ Қ. БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚАЛАДАҒЫ БАРЛЫҚ БАЛАБАҚШАНЫ ТЕКСЕРЕДІ

Арнайы комиссия Алматы қаласындағы балабақшалардың жұмысын тексереді. Комиссия құрамына білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, сарапшылар, әдіскерлер мен қоғам белсенділері кіреді. Бұл жұмыс еліміздің басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.

Комиссия мүшелері мектепке дейінгі ұйымдардағы жағдай мен балабақша қызметкерлері жұмысының сапа стандарттарына сәйкестігін тексереді.

«Балабақшалар 100% қауіпсіз болу керек. Осы күндері Алматыдағы екі мектепке дейінгі ұйымда орын алған оқиғаларға жол беруге болмайды. Балабақшалар әкімдіктердің қарамағында. Сонымен қатар заң бұзушылықтардың басым көпшілігі жекеменшік балабақшаларда тіркеледі. Бірақ қауіпсіздікті меншік нысаны мен бағыныстылығына қарамастан қамтамасыз ету қажет. Өкінішке орай, осы жылдың қыркүйегіне дейін мектепке дейінгі ұйымдардың сапасын мемлекеттік бақылау тетіктері мүлдем болған емес. Балабақшалар басқа білім беру ұйымдарына қарағанда, лицензиялаудан босатылып, хабарлама арқылы ашылды. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік бақылау мен аттестаттаудан босатылды. Тек осы жылы ғана біз балабақшаларға мемлекеттік тексеру институтын заңды түрде енгізе алдық. Осыған байланысты көптеген наразылықтар болды.  Бірақ балалардың мәселесіне келгенде, бейжәй қарамау керек. Алғашқы нәтижелер мұндай тексерулердің қажеттілігін көрсетті. Желтоқсан айының басында біз тексерген балабақшалардың шамамен 80%-ы білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік аттестаттаудан өтпегенін хабарладық. Сондықтан біз бақылау құралын енгіздік.

 

Біз сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты жеке меншік балабақшаларда орналастыруға, тәрбиешілердің біліктілігіне және қауіпсіздік мәселелеріне қойылатын талаптарды күшейтеміз. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда педагогикалық жұмысқа алғаш кіретіндердің біліктілігін тәуелсіз тексеру туралы талап енгізіледі.

Балабақшалар заңды әкімдіктердің қарауында екенін ескере отырып, біз мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын ерекше бақылауға алу қажеттігін бірнеше рет атап өттік. Әр топқа бейнекамералар берілуі керек. Балалармен жұмыс істейтін кадрларды іріктеу мәселесі де өте маңызды», – деп атап өтті Білім және ғылым саласында сапаны қамтамсыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.