«WORLDSKILLS KAZAKHSTAN 2021» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 70-ТЕН АСТАМ ЖЕҢІМПАЗЫН ЕЛІМІЗДІҢ ІРІ КОМПАНИЯЛАРЫ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРДЫ

«WORLDSKILLS KAZAKHSTAN 2021» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 70-ТЕН АСТАМ ЖЕҢІМПАЗЫН ЕЛІМІЗДІҢ ІРІ КОМПАНИЯЛАРЫ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРДЫ

«WORLDSKILLS KAZAKHSTAN 2021» VІ Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының 70-тен астам жүлдегері еліміздің ірі компанияларынан жұмысқа шақырту алды. Олардың ішінде: «СарыаркаАвтоПром», «1С-Рейтинг», «АгромашХолдинг KZ», «Kaz Minerals Aktogay», «Аэропорт «Сары-Арка», «Автодом Motors KST» және тағы басқалары. Жұмыс берушілер бүгін чемпионаттың жабылу салтанатында жеңімпаздарға шақыру қағаздарын табыстады.

Жүлдегерлерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады.

«Біз WorldSkills әлемдік қозғалысына 2015 жылы қосылып, 50 орынды иеленген болатынбыз. Қазір әлемдік рейтингте өз позициямызды күшейтіп, 14 орынға дейін көтерілдік. Келесі жылы Шанхай қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа қатысуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Шанхайда өтетін халықаралық чемпионатқа қатысуды жоспарлап отырмыз. Біздің еліміз әлемдегі ең үздік 10 техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ену үшін барлық жағдай жасап жатырмыз. 180 колледж заманауи жабдықтармен жабдықталған, сәйкесінше, жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Соның арқасында биыл чемпионатты жаңа форматта өткізе алдық. Егер бұған дейін чемпионат елордада өткізілсе, биыл республикалық кезең еліміздің 11 өңірінде орналасқан алдыңғы қатарлы 38 колледж базасында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жарыс нәтижелерін объективті бағалауды қамтасыз ету үшін биыл жаңа халықаралық бағалау жүйесі енгізілді. Чемпионат өткізілетін құзыреттіліктер саны да артты. Оның ішінде  «Киберқауіпсіздік»,  «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» және т.б. жаңа құзыреттіліктер пайда болды. Осылайша, биыл сайыс 46 құзыреттілік бойынша өтті. Чемпионаттың өткізілуіне қатысқан сарапшылар қатысушылардың дайындық деңгейлерінің жоғарылағандығын айтты. Жұмысшы мамандықтардың жас мамардарына алғыс айтамын. Жүлдегерлерге әлемдік деңгейде өтетін жарыста сәттілік тілеймін», – деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасында.

188 колледж және жоғары оқу орындарының студенті «WorldSkills Kazakhstan 2021» VІ Республикалық чемпионатының жеңімпаздары болып танылды. 70-ден астам қатысушы алтын медаль, 61 қатысушы күміс медаль және 57 қатысушы қола медаль иеленді. Тағы 136 қатысушы үздік медальондармен марапатталды. Сонымен қатар Чемпионат жеңімпаздарына медальдар, дипломдар және ақшалай сертификаттар табысталды.

Естеріңізге сала кетсек, «WorldSkills Kazakhstan 2021» VI Республикалық чемпионаты 1 қарашада басталды және еліміздің 11 өңірінде 38 жарыс алаңында өтті. Республикалық кезеңге еліміздің барлық өңірінен 22 жасқа дейінгі 600-ден астам жас маман қатысты. Олар 46 ресми және 10 демонстрациялық WorldSkills мамандықтары бойынша жарысты, сонымен қатар 15 презентациялық құзыреттіліктер бойынша өз дағдыларын көрсетті.

Чемпионаттың ресми және демонстрациялық құзыреттіліктері ішінде «Электромонтаждау жұмыстары», «Ағаш шеберлігі ісі», «Ландшафтық дизайн», «Бизнеске арналған IT шешімдер», «Веб технологиялар», «Мобильді қосымшаларды әзірлеу», «Киберқауіпсіздік», «Визуалды мерчендайзинг», «Мехатроника», «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару» және т.б. мамандықтар бар. Байқауға қатысушылардың жұмыстарын 650-ге жуық сарапшы бағалады.

Республикалық чемпионаттың жүлдегерлері және ең көп марапатқа ие болған аймақтардың рейтингі туралы ақпарат www.kasipkor.kz  және www.worldskills.kz сайттарда орналастырылған.

Айта кетейік, WorldSkills халықаралық қозғалысы жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге және кадрларды кәсіби даярлауда жаңа трендтер қалыптастыруға бағытталған. Оған әлемнің 80-нен астам елі қатысады. Қазақстан WorldSkills International (WSІ), WorldSkills Europe (WSE) және WorldSkills Asia (WSА) мүшесі болып табылады.