ҚР Білім және ғылым министрінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалары туралы жазбасы

ҚР Білім және ғылым министрінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы айтқан тапсырмалары туралы жазбасы
Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысындағы білім беруді дамыту жөніндегі тапсырмалары туралы алдыңғы жазбамның жалғасы.
 
Жүктелген тапсырмалар жүйелі болғандықтан, қоғам алға қойылған міндеттердің маңыздылығын бірден түсіне бермейді. Дегенмен, атқарылатын жұмыстың нәтижесін ел азаматтарының басым бөлігі сезінетін болады.
 
Алдыңғы жазбамда білім беру гранттарын қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістерге қатысты тапсырмалар туралы егжей-тегжейлі айтып едім. Бүгін басқа да басымдықтарға тоқталып өтейін.
 
Басты мәселелердің бірі — білім беру ұйымдары үшін сапалы инфрақұрылым құру мәселесі.
П
резидент өңір әкімдеріне 1 мың мектеп салу үшін жер учаскелерін алдын ала бөлуді тапсырды.
 
Сондай-ақ тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде жаңа мектептер ашуды көздейтін нормативтің орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.
 
Шын мәнінде, бұл еліміздегі көптеген ірі қалаларға тән үлкен мәселе. Әңгіме балалар мен ата-аналарға ыңғайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен бірге олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету төңірегінде болып отыр.
 
Қасым-Жомарт Кемелұлы сыныптардың толтырылуы жөніндегі қолданыстағы нормалардың бұзылуы мәселесіне баса назар аударды. Соңғы уақытта бұл — өзекті сұрақтардың бірі.
 
Бір жағынан, сыныптардағы шамадан тыс тығыздық мәселесі оқушы орындарының тапшылығымен байланысты мәжбүрлі шешім болса, екінші жағынан, жергілікті білім беру бөлімдерінің бюджет қаражатын үнемдеуге деген ұмтылысынан туындаған жағдайлар анықталып жатыр. Үнемдеу мақсатында қабылданған мұндай шешім оқу сапасына теріс әсер етеді. PISA зерттеуінің нәтижелері де осының айқын дәлелі.
 
Президент сондай-ақ мектептердің үлгілік жобасын әзірлеу барысында инфрақұрылым мен материалдық базаның оқушылар санына сәйкес болуына жете көңіл бөлуді тапсырды. Яғни, білім алушыларға асханалардағы, оқу кабинеттері мен спорт залдарындағы орындар жеткілікті болуы тиіс. Өкінішке қарай, бұл жобаларға жергілікті құрылыс басқармалары тапсырыс беретін болғандықтан, білім беру үрдісі үшін көптеген маңызды аспектілер ескерілмегей қалып отыр.
 
Әр сыныпта мектеп бағдарламасына сәйкес дене шынықтыру сабағы аптасына 3 рет өткізілуі керек болған соң, спорт залдарының да саны жеткілікті болуы керек. Қазір көптеген мектепте спорт залдары жетіспейді, сондықтан мұғалімдер сабақты бірнеше сыныпқа бір уақытта өткізуге мәжбүр.
 
Бұл міндет барлық материалдық-техникалық базаға қатысты жүктеліп отыр.
 
Президент мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.
 
Ол үшін білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелеріне бірыңғай талаптар әзірлеуді тапсырды. Оның ішінде, білім беру ұйымдары 3 жылға келісімшартқа отырып, мамандандырылған күзет қызметімен қамтамасыз етілуі қажет.
 
Биылдан бастап ірі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтерін пайдалана бастады. Бұл ретте жүргізілетін мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесі тек 1 жылға дейін ғана жарамды болатынын ескеретін болсақ, білім беру ұйымдары үшін бұл өзекті проблемаға айналды.
 
Конкурс бойынша рәсімдердің өткізілуі мен қорытындысының шығарылуына, кей жағдайда шығарылған шешімге шағымдануға көп уақыт кетеді, тіпті күнтізбелік жыл аяқталып та жатады. Қауіпсіздік агенттігі үшін де, мектеп үшін де бірнеше айға ғана келісімшартқа отыру тиімсіз және қажет емес. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының ерекшелігін ескерсек, күзетшілердің үнемі ауысып тұруы балалармен жұмыс істеу барысында кері әсер етеді.
 
Сондықтан алдағы уақытта келісімшарттар 3 жыл мерзімге жасалатын болады. Сондай-ақ біз осындай сатып алу рәсімдеріне ерекше жағдайлар жасау бойынша бастама көтеретін боламыз.
 
Мемлекет басшысы балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне және қосымша білім алуына жағдай жасау мәселелеріне жеке тоқталды.
 
Үкіметке оқушылар сарайын, музыка мектептерін, мемлекеттік балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарын жекеменшік секторға беруге шектеу қоюды тапсырды.
 
Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Президент тапсырмасы аясында музыка және көркемсурет мектептері, оқушы сарайлары мемлекет меншігінде қалып, балалардың игілігі үшін қызмет ететін болады.
 
Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары жалпы білім саласының жүйелі түрде дамуына және балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғандығын тағы да атап өткім келеді.
 
Біз өз тарапымыздан қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті жұмыстар жүргізетін боламыз.