ҚР Білім және ғылым министрлігінің апталық жұмысына шолу

ҚР Білім және ғылым министрлігінің апталық жұмысына шолу

Білім және ғылым министрі аппарат жиналысын өткізді
 
Күн тәртібінде «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау және жұмыс барысы қаралды. Қосымша білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын жүзеге асыру мәселелері пысықталды. Жаңа мектептер ашу, оқушы орындарының тапшылығын шешу жолдары талқыланды.
 
Білім және ғылым министрі Қостанай облысына іс-сапармен барды
 
Қазақтың көрнекті ағартушысы, педагог Ыбырай Алтынсариннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Іс-сапар барысында Қостанай облысындағы Мичурин жалпы білім беретін мектебінде болды. Министр ауыл мектебінің ғимаратын аралап, техникалық жабдықталуымен танысты. Педагогтермен кездесіп, бейнебақылау камераларының және дабыл батырмаларының жұмысын тексерді. Сабаққа қатысып, оқушылармен әңгімелесті.
 
Асхат Аймағамбетов сапар барысында Қостанай қаласындағы №27 орта мектебіне барды.

Мектептің материалдық базасымен танысып, ұстаздармен және облыстық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесті. Еркін форматта өткен жиында директорларды ротациялауға қатысты сұрақтар, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау ережелері талқыланды.
 
Асхат Аймағамбетов Қостанай политехникалық колледжінде болды
 
Бұл білім ордасында 1200-ден астам студент оқып жатыр. Студенттермен және оқытушылармен әңгімелесіп, оқу процесімен танысты.
 
Министр Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне барды
 
Оқу аудиториялары мен зертханалық кабинеттерді аралады. Университет қабырғасында құрылған «Sweet baby» балабақшасына барып, студенттермен әңгімелесті. Мұнда білім алушылар «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» даярлау бағыты бойынша практикадан өтеді. Ведомство басшысы университеттің SMART-орталығындағы көрмені тамашалады. Қазір Қостанай облысының индустриялық аймағында «КАМАЗ» зауыты салынып жатыр. Зауытта машина жасау мамандығын игеріп жатқан студенттер тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ жұмыс берушілер жоғары оқу орнына келіп, дәріс оқиды. Олардың арасында «Агромашхолдинг» өнеркәсіптік кәсіпорнының және құс фабрикаларының өкілдері, тамақ өнеркәсібінің өндірушілері бар. Министр Ы. Алтынсариннің 180 жылдығына орай өткен дебат турнирінің жеңімпаздарын марапаттады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
 
Білім және ғылым министрі Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты

«Үздік педагог-2021» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Үздік педагог» конкурсы оныншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Конкурсқа 173 мұғалім қатысып, 64 ұстаз «үздік педагог» атағына ие болды. Жеңімпаздар шамамен 3 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Салтанатты шарада министр «үздік» деп танылған ұстаздарды құтықтап, барша ұстаздар қауымына алғыс білдірді. Сондай-ақ салтанатты шарада жоғары нәтижелерге қол жеткізген мұғалімдер мен еңбек ардагерлері де марапатталды. 10 педагогке «Ы. Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медалі табысталды.