АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ МҰҒАЛІМДЕРДІ, БІЛІМ АЛУШЫЛАР МЕН АТА-АНАЛАРДЫ БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ МҰҒАЛІМДЕРДІ, БІЛІМ АЛУШЫЛАР МЕН АТА-АНАЛАРДЫ БІЛІМ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 қыркүйек Білім және ғылым министрі Ақмола облысының №2 Қосшы орта мектебінде болып, Білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді, білім алушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Білім күні – маңызды мереке және биыл бұл атаулы күннің орны ерекше. Пандемияға байланысты бұған дейін мектептердің бір бөлігі қашықтан оқыту форматына көшуге мәжбүр болған еді. Бүгін еліміз бойынша 7 мыңнан астам мектеп есігін айқара ашып, жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастады. Әлбетте, мұғалімдер гаджет экрандары арқылы емес, балалармен тікелей байланыста бола отырып беретін білімді заманауи технологиялармен салыстыру қиын», – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бірінші сынып оқушыларына алғашқы оқулықтары – «Әліппе» және «Букварь» табыс етіп, оқушыларға мықты денсаулық және жаңа оқу жылы қызықты әрі пайдалы болуын тіледі. Биыл 394 мыңға жуық оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында 3,6 миллионға жуық бала білім алады, бұл – рекордтық көрсеткіш. Асхат Аймағамбетов балаларға білім беруде педагогтердің рөлін ерекше атап өтті.

«Мұғалімдерге мен ерекше ықыласпен және құрметпен қараймын. Әлемдік пандемия білім беру үрдісіндегі мұғалімнің баға жетпес рөлін айқындай түсті. Атап айтсақ, мұғалімнің кәсібилігі, тәжірибесі мен оқушының өміріндегі атқаратын рөлі айқындалды. Әріптестеріме қажырлы еңбегі және аз уақыттың ішінде жаңа жағдайларға тез бейімделгені үшін тағы бір мәрте ризашылығымды білдіремін. Әрине, пандемия оқыту сапасына да әсер етпей қоймады. Сондықтан жаңа оқу жылында біз оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмыс жүргізуіміз керек», – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

 

Білім және ғылым министрі өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыруда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңызды рөлін атап өтті.

Биыл оқу процесі санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өтеді. Білім алушылардың денсаулығын сақтау үшін үзілістер әртүрлі уақытта болады, сонымен бірге қосымша ауысымдар енгізіледі. Сыныптар мен кабинеттерде кварцтеу, желдету және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу міндетті. Сабақтар «бір кабинет – бір сынып» қағидаты бойынша ұйымдастырылады, яғни әр сыныпқа белгілі бір кабинет бекітілуі керек. Жаңа оқу жылындағы сабақтың ұзақтығы 45 минутты құрайды. Білім беру ұйымдарында бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.