
ҚР Білім және ғылым министрі К.Н.Шәмшидинованың
Үкімет отырысындағы сөзінің тезистері
Нұр-Сұлтан қ., 21 мамыр 2019 жыл
Құрметті Асқар Ұзақпайұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері мен әріптестер!
Жазғы демалысты балаларымыз асыға күтеді.
Олардың каникулын барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, сапалы әрі мағыналы өткізу басты міндетіміз.
Елімізде қалыптасқан инфраструктурада, яғни 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750-ден астам шатырлы лагерьлерде биыл жергілікті атқару органдарының мәліметіне сай балалардың 71% демалады.
Жазғы демалыс шараларымен әлеуметтік аз қамсызданған отбасы балаларының 80%-ы, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаждардың 82%-ы және түрлі салада жетістікке жеткен оқушылардың, девиантты тәрбиедегі балалардың 90%-ы қамтылуда.
Алайда, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес өткен жылмен салыстырғанда биыл
Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысында жазғы лагерьлер саны мен оқушылардың демалыспен қамтылу жоспары біршама төмен еді. Осы әкімдіктер қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылдады.
960 мыңдай бала (33%) жазда құрылыс отрядтарына, орман және көгалдандыру жұмыстарына тартылады.
Бұдан бөлек оқушылардың 61%-ын түрлі үйірмелер мен спорт клубтары қабылдайтын болады. Оларда олимпиадалық резерв пен тіл мектептері, активистер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылады.
Арнайы аула клубтарының жұмысы да жаңғыртылуда. Жергілікті атқару органдарының ақпаратына сай, елімізде жазда мың жарымға жуық аула клубы жұмыс істейді. Дегенменде, еліміздің кейбір өңірлерінде аула клубының саны жеткіліксіз, тіпті жоқтың қасы. Олар Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы.
Орайы келгенде, жазғы демалысты ұйымдастыруға қосымша демеушілер ресурсы да тартылатынын айта кеткен жөн. Слайдта көрсетілгендей былтыр 11 өңірде ауылшаруашылық, мұнай, газ, тау-кен, энергетика салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға атсалысып, 504 млн. теңгеге
4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара жалғасын табады деп сенеміз.
Баланың жазғы демалысын мағыналы әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында мәдени танымдық
іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осы тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген бағыттар негізінде тарихи, мәдени ұлттық танымдағы жұмыстар жүргізіледі. Балалардың туған жерге сүйіспеншілігі мен қызығушылығын оятатын «Киелі Қазақстан» тақырыбына сай тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады.
Миллионға тарта бала «Қазақстан-мейірімділік мекені», «Табиғатты аялайық», «Жол козғалысындағы жас инспектор», «Жұлдызай» атты тәрбиелік, танымдық шараларға қатысады. «Ауылым алтын бесігім» бағдарламасы аясындағы «Балалар бастауы» әлеуметтік жобасына жұмылдырылады.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Негізінен балалар жазғы демалыстарын өздерінің үйреншікті ортасында өткізеді. Олардың демалыс аясын елімізде қалыптасқан инфраструктураны жан-жақты пайдалану арқылы да кеңейтуге болады.
Бірінші. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес елімізде жыл сайын 300 мың адамды қабылдайтын 145 санаторий-курорттық ұйым, интернетте жарияланған жарнамаларға сай 500-ден аса туристік базалар жұмыс істейді. Бізге оларды ынталандыру қажет. Мемлекет әлеуметтік аз қамсызданған отбасы балаларына, ірі өндірістік компаниялар өз қызметкерлерінің балаларына демалуға жәрдем көрсетсе және демалыс ұйымдарына қолдау көрсетілсе бұл мәселені шеше алар едік.
Екінші. Джон Хопкинс университетінде жылына 10 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары жазғы демалыстарын өткізеді. Жүздеген тақырыптарды зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осы лагерьден өткен жастардың ішінен 37 Нобель лауреаттары шыққан.
Соңғы жылдары еліміздегі Назарбаев Университеті, ҚБТУ, AlmaU да жазғы мектептер ұйымдастырып жүр.
Биыл республикадағы басқа да жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептерді ашу балаларды демалыспен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді.
Үшінші. Балалардың «Менің Отаным – Қазақстан» атты мәдени, тарихи, археологиялық ескерткіштерін зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көптеп қатысуын қамтамасыз ету керек. Барлық бір, үш,
10 күндік жорықтарға оқушылардың төрттен бір бөлігі ғана қатысады.
Ұлттық саябақтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда оқушы-зерттеушілердің зерттеу жұмыстарымен айналысуына жағдай жасау керек. Олардың аумағында орналасқан лагерьлерге кіру және лагерьдегі әр күн үшін төлемақы алынады. Осы мәселені шешу қажет.
Төртінші. Қала сыртындағы лагерьлер желісін дамыту.
Қазіргі кезде, қала сыртындағы лагерьлердің саны аз, олар барлық лагерьлердің тек 2% құрайды. Сондықтан, кәсіпкерлерді бала туризмін дамытуға тарту шараларын қабылдау қажет. Туристік аумақтарда автомобиль жолдарын салу және оларды таза сумен қамту жұмыстарын жалғастыру,
туристік 10 негізгі аймақты анықтап алу, жұмыс істемей тұрған жеке меншіктегі демалыс орындарын жандандыру және осы салада қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдау механизмдерін енгізу ұсынылады.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Әрине, жазғы демалыста қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады.
Осы айдың басында жазда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтары ведомоствоаралық отырыста, лагерь басшыларының кеңесінде қаралды.
Білім және ғылым минситрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жоспары негізінде балаларды жүзуге үйрету ұйымдастырылған.
Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында жазғы лагерлерге қоғамдық мониторинг жасалып отыр.
Бала қауіпсіздігін басты қаперде ұстау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін Сенім телефоны мен арнайы чаттар бар.
Сондай-ақ, жазғы лагерлерде және балаларды сауықтыру орталықтарында тамақтану мәселесіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ету маңызды екендігін атап өткім келеді.
Оған қоса, балалардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін ата-аналар басты назарда ұстау керек екенін де айта кеткен жөн.
Сөз соңында жоғарыда атап өткен ақпараттар негізінде жергілікті атқару органдары мен басқа да тиісті мемлекеттік мекемелерге арнайы тапсырма беруіңізді сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!