Күмбірле, сазды домбыра

 Күмбірле, сазды домбыра

Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы "Балдәурен" Республикалық оқу-сауықтыру орталығында, ағымдағы жылдың 24- маусым мен 7-шілде аралығында 8 ауысым "Шығармашылық мүмкіндіктер әлемі" атты республикалық фестивалі өтуде.

"Шығармашылық мүмкіндіктер әлемі" атты республикалық фестиваліне еліміздің халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар мен фестивальдардың лауреаттары, дипломанттары, жас әншілер, бишілер, Халық орындаушылары, шығармашылық ұжымдар мен оқу озаттары жиналды.

Аталған ауысымда «балдәурендік» балалардың шығармашылық қабілеттерін жандандыру және дамыту мақсатында «Шабыт» шығармашылық байқауы, «Екі жұлдыз» жобасы және «Күмбірле, сазды домбыра» музыкалық-танымдық кеші, «CreativeFEST» competition байқауы мен көптеген қызықты іс-шаралар өткізілді.

«Балдәуренде» жыл сайын ұлттық құндылығымызды дәріптейтін, асыл мұраларымызды, салт-дәстүрімізді дамыту мақсатында әртүрлі тақырыптық ауысымдар өткізіліп отырады. Ендеше аталған ауысымда өткізілген іс-шаралардың бірі ретінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірле сазды домбыра» музыкалық -танымдық кеші туралы айтуға болады.

Төл өнерімізді дамытуға арналған кеш ауысымға жиналған өнерлі балалардан құралған «Балдәурен» оркестрінің орындауындағы Құрманғазының күйі «Балбырауынмен» ашылды. Бұл кеш асқақ жыр, сұлу сырлы күй, қанатты шешендік сөз, ұлағатты терме сынды тұнба бұлақтай төл өнерімізді насихаттап, тілімізді, ділімізді жандандырып, өнер құдіреті-домбыраның үкісін желбіретіп, асқақтатты.

Айта кететін болсақ, «Балдәурен FM» радиосынан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі –Ұлттық домбыра күні болып айқындалғаны хабарланып, күні бойы халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келген киелі домбырамыздың қоңыр үні күмбірледі.

Іс-шара барысында еліміздің дарынды, шығармашыл балалары өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнерімізге байланысты танымдық сұрақ-жауаптарға белсенділікпен қатысты. Кеш соңында балалар арнайы сыйлықтармен, мадақтамалармен марапатталды.

Егеменді еліміздің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай, шығармашыл тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту —«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының қызметкерлері алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі екендін айтуға болады.