Асхат Аймағамбетов Орта Азия елдері министрлерімен форумға қатысты

Асхат Аймағамбетов Орта Азия елдері министрлерімен форумға қатысты

Орталық Азия елдерінде жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігі құрылады. Мұндай шешім Түркістандағы Орталық Азия елдері білім министрлерінің қатысуымен өткен бүгінгі форумның қорытындысы бойынша қабылданды.

Офлайн және онлайн форматта өткен іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан білім министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі білім министрліктерінің өкілдері, Еуропа Кеңесінің халықаралық ұйымдары, Еуропалық комиссия, Болон процесі бақылау тобының өкілдері, Эразмус+ және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық Азия кеңістігін құру туралы ұсынысын білдіріп, шетелдік әріптестер Асхат Аймағамбетовтің бастамасына қолдау білдірді. Форум қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

Осы құжатқа сәйкес, енді Орталық Азия мемлекеттері өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, бүкіл Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіретін болады.

Сондай-ақ тараптар білім алушылармен алмасу үшін білім беру бағдарламаларының, бірлескен ғылыми жобалардың санын ұлғайтуға және ОА елдерінің көшбасшы студенттері арасында өзара байланыс орнатуға, тәжірибе алмасу және жұмыс бағыттарын талқылау үшін ОА елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумдарын өткізуге келісті. 

Орталық Азия кеңістігіне қатысушы елдердің ынтымақтастығы Болон процесі қағидаты бойынша ұйымдастырылатын болады.  Сондай-ақ жоғары білім саласындағы Орталық Азия кеңістігі жанынан ОА елдерінің Білім министрліктері арасындағы жұмысты үйлестіру, Орталық Азиядағы жоғары білімнің тартымдылығын арттыру және ОА мемлекеттері арасындағы бәсекеге қабілеттілікті күшейту үшін хатшылық құрылатын болады.

         "Жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру бүгінгі таңда объективті қажеттілік болып отыр. Жыл сайын танылатын білім туралы құжаттардың жалпы санының 70%-ға жуығы Орталық Азия жоғары оқу орындарының құжаттары. Бүгінде Орталық Азия елдерінің азаматтары болып табылатын 20 мыңға жуық студент қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осыған байланысты, жоғары білімнің бірыңғай кеңістігі шеңберінде бүгінгі таңда жоғары білімнің Еуропалық кеңістігі елдеріндегі сияқты біліктілікті танудың жеңілдетілген немесе автоматты рәсімі мәселесін қарастыруға болады", – деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Түркістан декларациясы ынтымақтастықтың келесі бағыттарын көздейді:

 

  1. Орталық Азия елдері жоғары оқу орындарының Альянсын қалыптастыру
  2. Орталық Азия елдерінің білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аккредиттеу кеңесін құру
  3. Орталық Азия елдері студенттерінің Альянсын құру

4.Біліктіліктерді және білім туралы құжаттарды тану жөніндегі ұйымдар қауымдастығын құру.