"Болашақ" бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталады

"Болашақ" бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 4 мамырда басталады

"Болашақ" бағдарламасы бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау 4 мамыр күні басталып, 28 қазанға дейін жалғасады. Стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады.

Алғаш рет "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылды.

Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріліп, ол барлық конкурстық іріктеу барысында пайдаланылады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды. Іріктеу турлары кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау кезеңдерін қамтиды.

Конкурстық іріктеуді жүргізу процестерін автоматтандыру Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау тәжірибесі негізінде жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.

 

 

 

 

 

 

Басым мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленді

 

"Болашақ" бағдарламасы бойынша осы жылға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған 80 мамандықты және тағылымдамадан өтуге арналған 137 мамандықты көздейді. Тізімге "Инклюзивті білім беру", "Вирусология", "Урбанистика", "Жаңа материалдар технологиясы" сияқты өзекті мамандықтар енді.

Биыл басым мамандықтар "Инновациялар және жаңа технологиялар", "Индустриялық инженерия", "Жаратылыстану ғылымдары", "Әлеуметтік ғылымдар", "Білім беру", "Медицина" және "Креативті индустрия" сияқты бағыттар бойынша бөлінген.

Бұл тізбе мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде, сондай-ақ елдің еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленді.

Ашықтық саясаты шеңберінде басым мамандықтар тізбесі арнайы комиссиямен қаралып, бекітілді.

2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген болатын. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша бөлінген, ал 500 стипендия "ғалымдар" тағылымдамаларының жаңа санаты бойынша беріледі. Естеріңізге сала кетейік, бұл санат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

Сондай-ақ биыл басым мамандықтар тізбесінде "Инновациялар және жаңа технологиялар" жаңа бағыты пайда болды. Бұл бағыт жаңа салаларды құруға ықпал ететін инновациялық мамандықтарды біріктіреді.

 

 

"Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі толықтырылды

 

"Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының және шетелдік ұйымдардың тізіміне өзгерістер енгізілді. Биыл бұл тізім 207 жоғары оқу орнына дейін ұлғайтылды. 2020 жылы тізімдегі жоо саны 138 болатын.

Тізімде үш халықаралық академиялық рейтингке кіретін және екі және одан да көп Халықаралық академиялық рейтингтің (QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) алғашқы қатарындағы 27 елдің 207 шетелдік жоғары оқу орны бар.