Қазақстан ғылымы: сандарды сөйлетсек

Қазақстан ғылымы: сандарды сөйлетсек

Қазақстанда ғылым саласында 21782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35%-ы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие, олар – 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы және 293 бейін бойынша доктор. Ғалымдардың 34%-ы – 35 жасқа толмаған; 43%-ы – 35 жастан 54 жасқа дейінгілер; 23%-ы – 55 жастан асқандар. Әйелдердің үлесі – 54%, ерлер үлесі – 46%.

2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ҚР БҒМ Ғылым комитеті ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің 1034 субъектісін аккредиттеді, олардың 626-сы заңды және 408-і жеке тұлға болып табылады.

2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері енгізілді (ынтымақтастыққа бағытталған, қысқа мерзімді, жеке, жас ғалымдарға арналған және т.б.), бұл көптеген перспективті ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын кәсіпорындардың саны 373 жетті. Оның 87-сі мемлекеттік секторға, 94-і жоғары кәсіптік білім беру саласына, 159-ы кәсіпкерлікке және 33-і коммерциялық емес секторларға жатады.

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есеге артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды.

Бұрын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет өткізілсе, 2020 жылы гранттық қаржыландыру бойынша 5 конкурс өткізілді.

Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде жыл сайын 5,4 млрд. теңге сомасына 156 жобаны қаржыландырады. Оның ішінде 90 жоба бүгінде жалпы кірісі 6,6 млрд. теңгеден асатын сату кезеңіне жетті. 1300-ден астам жұмыс орны құрылды.