А.Аймағамбетов: Ректорлар оқытушылардың жалақысын көтеріп, педагогикалық жүктемесін төмендетуі тиіс

А.Аймағамбетов: Ректорлар оқытушылардың жалақысын көтеріп, педагогикалық жүктемесін төмендетуі тиіс

Жаңа 2021-2022 оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушыларына минималдық жалақы мөлшері белгіленеді және олардың педагогикалық жүктемесі төмендетіледі. БҒМ-ге ведомстволық бағынышты ЖОО оқытушылары кемінде 200 мың теңге жалақы алатын болады.

«Оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде 2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20%-ға ұлғайтылды. Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Сондықтан мен штаттағы оқытушыларға кемінде 200 мың теңге мөлшерінде минималдық жалақы белгілеу туралы бұйрыққа қол қойдым», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық.

«Әлбетте, мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық. Кейбір жоғары оқу орындары оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн. Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырды. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті», – деп атап өтті министр.

Осылайша, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.

Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы керек. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.

Бұдан басқа, педагогикалық жүктеменің максималды көлемі 1 ставка үшін 680 сағаттан аспауы тиіс. Осы бұйрықтың орындалу барысын ЖОО директорлар кеңестері мен Білім және ғылым министрлігі бақылауда ұстайтын болады.

 

Толығырақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Facebook-тегі парақшасынан төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыздар

https://www.facebook.com/askhat.aimagambetov/posts/10218141622908317