
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті. Тараптар білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, оқу процесін цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және педагог кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.
Бірлескен бастамалардың практикалық нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның 20 колледжінің өкілдері Қытайдың Ухань қаласында жасанды интеллект бағдарламалары бойынша тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар еліміздің өңірлерінен 50 білім беру ұйымының басшысы мен педагог жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану бойынша біліктілігін арттырды.
Кездесу барысында қазақстандық мектептерде қытай тілін оқыту мәселелері де қаралды. Бүгінде еліміздің 33 мектебінде қытай тілі оқытылады, сондай-ақ тіл үйрену үйірмелері жұмыс істейді. Тараптар тілдік білім беруді одан әрі дамыту және оқушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейту жөнінде пікір алмасты.
Жұлдыз Сүлейменова бірлескен білім беру бастамаларын қолдағаны үшін қытай тарапына алғыс білдірді. Кездесуге қатысушылар алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға, педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және білім беру саласында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.