
Ұстаздар күні қарсаңында ұстаздықты отбасылық дәстүрге айналдырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттерді көпшілікке таныстырамыз. Бүгінгі кейіпкерлеріміз - үш буыны ұстаздық жолды таңдаған Имировтер отбасы.
Әулеттегі ұстаздық дәстүр Күлдашқан Токтасынбековадан бастау алады. Ол 1969-2009 жылдар аралығында Алматы облысындағы Сұңқар ауылының орта мектебінде 40 жыл еңбек етіп, саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнады.
Анасының жолын жалғастырған Дамир Владимирович Имиров 1996 жылдан бері білім беру саласында еңбек етеді. Бүгінде ол Алматы қаласының №220 жалпы білім беретін мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаздық еңбек өтілі 30 жылға жуық.
Оның жұбайы да - тарих пәнінің мұғалімі. Осылайша, ұстаздық олардың отбасы үшін ортақ құндылыққа айналып, кейінгі буынға жалғасты.
Әулеттің үшінші буыны Жанель Дамирқызы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «Арнайы педагогика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір әкесімен бір мектепте мұғалім-логопед болып еңбек етіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетеді.
Әжеден басталған ұстаздық жолды бүгінде ұлы, келіні және немересі жалғастырып келеді. Бағыттары әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ - әр баланың қабілетін ашып, білім алуына және өзіне сенімді болып өсуіне көмектесу.
Имировтер әулетінің тарихы - ұстаздықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнеге мен жауапкершілік екенін көрсететін жарқын мысал.