
22-27 қыркүйек аралығында Қазақстан құрамасы Қытайдың Шанхай қаласында өтетін WorldSkills Shanghai 2026 әлемдік кәсіби шеберлік чемпионатына қатысады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі - жастардың кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде шыңдап, әлемдік тәжірибемен алмасуына мүмкіндік жасау.
Қазақстан атынан чемпионатқа 33 жас маман қатысып, 31 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мехатроника, инженерлік графика, CNC технологиялары, бағдарламалық және мобильді қосымшаларды әзірлеу, дәнекерлеу, электроника, мобильді робототехника, электромонтаж, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық, автокөліктерді жөндеу, ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелері және басқа да заманауи бағыттар бар.
WorldSkills - жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға және жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған халықаралық қозғалыс. Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының ұлттық операторы - Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КеАҚ.
Биылғы әлем чемпионатында 70-тен астам ел мен өңірден 1400-ден астам жас маман 64 құзыреттілік бойынша өз шеберлігін көрсетеді.
Чемпионаттың ашылу салтанаты 22 қыркүйекте өтеді. Негізгі жарыстар 23-26 қыркүйек аралығында Шанхай ұлттық көрме және конгресс орталығында ұйымдастырылып, 27 қыркүйекте жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
Қазақстандық қатысушыларға әлемдік додада сәттілік тілейміз!