Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесті

Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын орындау жөніндегі бесінші және алтыншы біріктірілген мерзімдік баяндамаларын қарау қарсаңында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен кездесті.

Кездесуде БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетімен өтетін алдағы диалогтың негізгі мәселелері талқыланды. БҰҰ өкілдері ұлттық баяндаманы қарау рәсімінің ерекшеліктеріне тоқталып, отырыс барысында ақпарат ұсыну және делегацияның жұмысын ұйымдастыру бойынша практикалық ұсынымдарымен бөлісті.

Тараптар балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер мен Комитет мүшелері тарапынан көтерілуі мүмкін практикалық кейстерді жеке қарастырды. Сондай-ақ Қазақстанның ұстанымын таныстыру және ықтимал сұрақтарға мазмұнды жауап беру тәсілдері талқыланды.

Кездесу алдағы диалогтың негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарды пысықтауға және Женевада өтетін БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитетінің отырысы қарсаңында мемлекеттік делегацияның дайындығын нақтылауға мүмкіндік берді.