
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияға барып, білім беру ұйымының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған білім беру инфрақұрылымын дамыту басымдықтары мемлекеттік қолдаумен қатар жеке бастамаларды да біріктіреді. Соның нақты мысалы ретінде бұл мектеп-гимназия 2023 жылы Болат Өтемұратов Қорының қаражаты есебінен салынып, Қосшы қаласына өтеусіз берілді.
Үш қабатты білім ордасы 1500 оқушыға арналған, жалпы аумағы шамамен 16 мың шаршы метрді құрайды. Мектепте заманауи оқу кабинеттері, зертхана, оқу-өндірістік шеберханалар, ақпараттық орталық, шығармашылық студия, коворкинг кеңістігі, спорт және гимнастика залдары қарастырылған. Инфрақұрылым ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді етіп жабдықталған.
Жұлдыз Сүлейменова мектептің білім беру ортасымен, оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуымен және оқушылардың жетістіктерімен танысты. Министрге мобилография кабинетінің мүмкіндіктері, оқушылардың медиа саласындағы шығармашылық жұмыстары мен жүзеге асырып жатқан жобалары таныстырылды.
Мұндай әлеуметтік жобалар мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіріп, балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.