Бақылау жұмыстарының әртүрлі формасы оқушыға қосымша жүктеме түсірмей, функционалдық сауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға мүмкіндік береді

Бақылау жұмыстарының әртүрлі формасы оқушыға қосымша жүктеме түсірмей, функционалдық сауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға мүмкіндік береді

Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің педагог-шебері Жанар Жақсылықованың айтуынша, грамматикалық тапсырмалары бар диктанттар оқушының сауаттылығы мен тілдік нормаларды меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Математикадан бақылау жұмысы тек есептеу дағдысын емес, оқушының білімін практикалық тапсырмаларды орындауда қалай қолдана алатынын анықтайды. Ал шығарма мен мазмұндама арқылы оқушының мәтінді түсінуі және өз ойын жазбаша түрде өз бетінше жеткізе білуі бағаланады.

«Оқытушы оқушыға ұсынатын зерттеу және жобалық тапсырмалардың да маңызы зор. Олар оқушының ақпаратты талдау, салыстыру, қорытынды жасау, өз шешімін негіздеу және жұмыс нәтижесін ұсыну дағдыларын дамытады», – деді спикер.


Бұл ретте ол педагогтердің ұсынысы бойынша каллиграфиялық дағдыларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Бұл тапсырмалардың барлығы функционалдық сауаттылық пен сыни ойлауды дамытуға мүмкіндік береді. Себебі оқушыдан тапсырманы орындауды ғана емес, оны түсіну, қолдану, талдау және өз ойын негіздеу талап етіледі», – деп атап өтті Жанар Жақсылықова.


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бұл бақылау түрлері оқушыларға қосымша жүктеме түсірмейтінін атап өтті.