Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік қызметтер көрсету мен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмін әзірледі.
Бұған дейін балабақша орындарына кезектің вертикалды қағидатпен қалыптасуы, мемлекеттік тапсырыстың нақты бір мектепке дейінгі ұйымға бекітілуі және қаржыландырудың нақты қажеттілікке сай бөлінбеуі бірқатар мәселені туындатты. Олардың қатарында жалған контингентті тіркеу, балабақшалар арасындағы бәсекелестіктің шектелуі және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы бар.
Жаңа механизм аясында деректердің дұрыстығын тексеріп, бұзушылықтарды анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба 20 қала мен 23 ауданда іске асырылуда. Оған 6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысуда. Жоба аясында 1 миллионнан астам ваучер берілді.
Жаңа механизмді іске асыру нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар саны артты. Сонымен қатар кезекте тұрған 2-6 жастағы балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды.
Пилоттық жоба аясында 35 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Үнемделген қаражат есебінен қосымша ваучерлер берілуде.
Жаңа модель мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасы мен мектепке дейінгі ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.