Балаларды қорғау саласындағы заңнамалық тетіктер жетілдірілді

Балаларды қорғау саласындағы заңнамалық тетіктер жетілдірілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін 10 заң қабылданды. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципі енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында хабарлады.

«Былтыр заңнамаға бірқатар маңызды толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді; балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдарды құру тәртібі мен олардың функциялары айқындалды; қорғаншыларға және бірге тұратын адамдарға қойылатын талаптар күшейтілді; мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі және өзге де мәселелер реттелді», - деді спикер баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Баланың қабілетін ашып, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететін қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы жолға қойылған. Мектептердің 100%-ы «Қауіпсіздік сабақтарымен» қамтылып, QR-111 жүйесіне қосылған. Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді.