Қазақстанда балаларды қолдау жүйесі күшейіп келеді

Қазақстанда балаларды қолдау жүйесі күшейіп келеді

Қазақстанда 7 млн жуық бала тұрады. Бұл халық санының 1/3 құрайды. Соңғы 10 жылда балалар саны шамамен 1,5 млн артты. ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өскелең ұрпақты қолдау мақсатында атқарылып жатқан кешенді шараларға тоқталды.  Оның айтуынша, елімізде 2026-2030 жж. арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осының аясында алғаш рет осы саладағы барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бірыңғай стратегиялық негізге біріктірілді. Сондай-ақ «Ұлттық  қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа толмаған балалардың дербес шоттарына ұлттық қордың 50% инвестициялық табысы түсіп жатыр.

«2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ долларынан берілсе, 2026 жылы бұл сома 130,71 АҚШ долларына дейін артты. Биыл еліміз бойынша бұл төлемді алатын балалардың саны 6,9 млн-ға жеткен», – деді спикер баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа сапалы білім алу үшін бөлінетін мемлекеттік гранттарға қосымша қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» ерікті жобасы іске асырылуда.