
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ел түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Бұл күні ведомство басшысы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бірге Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының мектеп-гимназиясында өткен соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиынға қатысты.
Биыл 11-сыныпты 215 мың түлек аяқтады, 9-сыныпты 343 мыңнан астам оқушы тәмамдады. Талапкер ауылының мектеп-гимназиясында 32 түлек туған мектебімен қоштасып отыр. Олардың ішінде 2 оқушы «Алтын белгіге», 3 оқушы үздік аттестатқа үміткер.
Өз құттықтауында министр ел болашағы білімді, жауапты әрі бастамашыл жастармен байланысты екенін атап өтті.
«Құрметті түлектер! Еліміздің ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан қай салада жүрсеңіздер де, туған елдің дамуына аянбай еңбек ететін, өз ісіне адал, табанды әрі жауапкершілігі жоғары азамат болыңыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сіздерге заманауи талаптарға сай білім алып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын «Келешек мектептерінде» білім алуға мүмкіндік сыйлады. Сол мүмкіндік сіздердің болашақтағы үлкен жетістіктеріңізге бастар берік негіз, биік белестерге жетелейтін алтын баспалдақ болсын», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Іс-шара барысында министр білім саласындағы жетістіктері үшін мұғалімдер мен оқушыларға алғыс хаттар табыстады.
Талапкер ауылының мектеп-гимназиясы 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылды. Білім беру ұйымы 1200 орынға арналған. Бүгінде мұнда 598 бала білім алып, 65 педагог еңбек етеді.
Мектепте сапалы білім алуға және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Мұнда робототехника, STEM, физика, химия, биология, инклюзия және хореография кабинеттері, оқу залы бар кітапхана, спорт залдары мен шығармашылық кеңістіктер жұмыс істейді.
Сапар аясында Жұлдыз Сүлейменова «Робототехника-2026» халықаралық байқауы жеңімпаздарының жобасымен, «Қолөнер» көрмесімен, домбыра, шахмат және «Эко әлем» үйірмелерінің жұмысымен танысты. Министр «Заң және тәртіп халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбындағы сынып сағаттарына қатысып, мектептің педагогикалық ұжымымен кездесті.