
Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында жалпы білім беретін пәндер бойынша 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Олимпиаданың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірлерінен 547 оқушы қатысып, нәтижесінде 240 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Салтанатты жабылу рәсіміне ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет, жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ өңірлік «Дарын» орталықтарының өкілдері қатысты.
Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың пәндік олимпиадаларға қызығушылығын арттыру, ғылыми білімді насихаттау, дарынды балаларды анықтау және олардың зияткерлік әлеуетін дамыту. Сонымен қатар, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды іріктеу мен даярлау, елімізде білім беру беделін арттыру көзделген.
Төрт күнге созылған білім додасының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.
Нәтижесінде 45 оқушы I орын, 76 оқушы II орын, 119 оқушы III орын иегері атанды.
Командалық есеп бойынша екі бағытта да үздік командалар анықталды.
Қоғамдық-гуманитарлық бағытта Гран-при «NIS» ДББҰ командасына бұйырды. I орын – Алматы қаласы командасына, II орын – Түркістан және Жетісу облыстары командаларына, III орын – Шымкент қаласы, Павлодар, Маңғыстау және Ақмола облыстары командаларына берілді.
Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Гран-при Атырау облысы командасына табысталды. I орын «NIS» ДББҰ және Алматы қаласындағы КеАҚ «РФММ» командаларына берілді. II орын – Павлодар және Маңғыстау облыстары командаларына, III орын – Астана қаласы және Ақтөбе облысы командаларына бұйырды.
Олимпиада қорытындысы еліміздегі дарынды оқушыларды қолдау жүйесінің тиімділігін және өңірлер арасындағы білім сапасының жоғары деңгейін көрсетті.