«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы өткізілетіні туралы хабарлайды.
 
Конкурсқа ғылыми-педагогикалық салада үздіксіз 5 жылдық еңбек өтілі бар және қызметте жоғары жетістіктер көрсеткен профессорлық-оқытушылық құрамы (штаттағы оқытушылар) қатыса алады.

Байқаудың мақсаты - жоғары оқу орнындағы профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіби-педагогикалық мәдениетін, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысының деңгейін арттыру, кәсіби салада педагогтің өзін-өзі жетілдіруі үшін қолайлы жағдай жасау, оқытушылардың одан әрі кәсіби дамуына деген мотивациясын арттыру.
 
Конкурс екі кезеңнен тұрады: жоғары оқу орнында және республикалық кезең.
 
Конкурстың I кезеңі 2020 жылдың 12 қарашасынан басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады. Конкурстың алғашқы кезеңіне қатысуға ниет білдірген жоо штатындағы оқытушылар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы (universitycontest.iac.kz.) келесі құжаттарды тапсырады:
1) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иелену байқауына қатысуға үлгі бойынша жазылған өтініш;
2) осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес мәліметтер;
3) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес жылдық жұмыс жоспар-кестесі;
4) кадрларды есепке алу жеке іс парағы;
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Конкурсқа ұсынылған құжаттарды жоо қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдерінен тұратын сараптамалық топ мүшелері тексереді. Жоғары оқу орны жанынан құрылған комиссия сараптама тобының қорытындысы негізінде шешім шығарып, үміткерлердің конкурстық құжаттамасын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын тағайындау конкурсының республикалық кезеңіне қатысуға жібереді.
 
Байқаудың II кезеңі 2020 жылдың 4 желтоқсанынан басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
 
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсын өткізу ережесі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021548