Финиксте өтетін жаһандық ғылыми жобалар сайысында қазақстандық оқушылар сынға түседі

Финиксте өтетін жаһандық ғылыми жобалар сайысында қазақстандық оқушылар сынға түседі

Жеті қазақстандық жас зерттеуші АҚШ-тың Аризона штатындағы Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесіне қатысады.

Дүниежүзілік додаға 60-тан астам елден ұлттық іріктеу нәтижелері бойынша таңдалған 1700-ге жуық жас ғалым өздерінің үздік ғылыми жобаларын ұсынады. Жүлде қоры 7 млн АҚШ долларын құрайды. Жарыс 2026 жылғы 9-15 мамыр аралығында өтеді.

Қазақстан атынан келесі оқушылар қатысады:

Керімбай Саян - Шымкент қаласындағы №8 мамандандырылған гимназияның 9-сынып оқушысы. Жобасы: «Жасанды интеллект арқылы энергия өндіру тиімділігін арттыру үшін микробтық отын элементтерін модельдеу және оңтайландыру» (Биология);

Болысбай Нұркелді, Башаров Аслан - Талдықорған қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушылары. Жобасы: «KazLib білім беру платформасы» (Информатика); 

Артықбай Арнұр - Тараз қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Жобасы: «Система автоматизированного обнаружения злокачественных новообразований на основе машинного обучения» (Информатика); 

Исаков Михаил, Нұрмұханбетов Рахим - Алматы қаласындағы №54 Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары. Жобасы: «Neuralese» балаларға арналған нейрожүйе конструкторы (Информатика); 

Өтетілеу Алтынай - Түркістан қаласындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Жобасы: «AtmosNano - наноспутник атмосферных данных» (Жер және ғарыш туралы ғылым). 

Маңызды жаңалықтардың бірі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл алғаш рет Regeneron ISEF жеңімпаздарына «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының «Бакалавриат» бағыты аясында шетелде білім алу мүмкіндігі беріледі. Бұл заңның қабылдануы Мемлекет басшысының дарынды жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған реформаларының жүйелі жалғасы. 

Енді халықаралық беделді пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқауда алтын медаль иеленген оқушылар 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлері 1000 АЕК, ал қола медаль алғандар 500 АЕК көлемінде мемлекеттік сыйақы алады. Сонымен бірге оларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейінгі сыйақы тағайындалады.

Regeneron ISEF - әлемдегі мектеп ғылымының жетекші алаңы. Байқауды халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды, сондай-ақ ол жаһандық ғылыми-зерттеу жарыстарының үлгісі ретінде танылады. Қазақстан Республикасы 1999 жылдан бері бұл байқаудың ұлттық серіктесі ретінде тұрақты қатысып келеді. Биыл қатысу квотасы кеңейіп, жобалар саны 3-тен 5-ке дейін ұлғайтылды.

_____________________

📱instagram📱facebook📱tiktok🖥website