Оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларына арналған білім беру интенсиві өтті

Оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларына арналған білім беру интенсиві өтті

Павлодар қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшыларын біріктірген «Көшбасшылықты дамыту: стратегиялар мен құралдар» атты білім беру интенсивінің қорытынды кезеңі өтті.

Іс-шараның мақсаты - мектеп оқушыларының көшбасшылық және шығармашылық құзыреттерін дамытуға арналған тиімді білім беру алаңын қалыптастыру. Интенсив аясында білім алушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, тәжірибе алмасуға, оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтық белсенділікті арттырып, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға жағдай жасалды.

Интенсивке 2025–2026 оқу жылының облыстық және қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 80 өзін-өзі басқару президенті қатысты. Әр өңірден 15-17 жас аралығындағы төрт қатысушыдан іріктелді.

Бағдарлама аясында білім беру алаңдары, көшбасшылық пен өзін-өзі тануға арналған тренингтер мен шеберлік сабақтары, практикалық сессиялар, командалық квесттер мен дебаттар ұйымдастырылды. Қатысушылар сондай-ақ мектеп өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, «Шешімдер театры» және «Болашақ идеялары» атты креативті воркшоптарға қатысып, өз жобаларын, ұрандарын және бейнеүндеулерін әзірледі.

Сонымен қатар қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Оқушылар Павлодар өңірінің маңызды нысандарын аралап, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық драма театрында қойылым тамашалады.

Интенсив қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.