
Бүгін елордада өтіп жатқан Аймақтық экологиялық саммит аясында «Балалар, жастар және климат» тақырыбында басқосу өтті. Жиын барысында Орталық Азия өңіріндегі экологиялық тәрбие және білім берудің өзекті мәселелері күн тәртібіне шығарылып, климаттың өзгеруіне төзімділікті арттырудағы білім беру жүйесінің рөлі талқыланды.
Шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе ұйымдастырды. Саммит жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша Өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол, сондай-ақ «Сириус» федералды аумағы Кеңесінің төрайымы және «Талант және табыс» қорының басшысы Елена Шмелева қатысты.
Басқосудың басты жаңалығы - Орталық Азия елдеріне арналған «Жасыл мектептер» аймақтық платформасының таныстырылуы болды. Бұл бастама климаттық сын-қатерлерге қарсы тұруда жастардың әлеуетін біріктіруді көздейді.
Жиында Жұлдыз Сүлейменова экологиялық ағарту ісін дамытудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстандағы білім беру мекемелеріндегі ауқымды экологиялық жобалардың нәтижелерімен бөлісті.
«Біз экологиялық тақырыптарды гуманитарлық және қолданбалы пәндерге енгізіп жатырмыз. Бұл оқушылардың бойында адам, қоғам және табиғат арасындағы байланыстың тұтас түсінігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсілдер мемлекеттік білім беру стандарттарымен және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен шараларға 286 000 ата-ана мен 291 000 педагог қатысты. Сонымен қатар, БҰҰ қорымен бірлесіп, тұрақты даму принциптеріне негізделген «Жасыл мектеп» моделін енгізудеміз. Бүгінде бұл жоба Қазақстанның 1200-ден астам мектебінде іске асып, 1,5 миллионнан астам оқушыны қамтыды», - деді сала министрі.
Шара барысында БҰҰ, Юнеско өзге де халықаралық даму ұйымдардың сарапшылары да сөз алып, білім мен ғылымды ұштастырудың маңызына тоқталды. Әсіресе, жастарды ғылыми жобаларға тарту мен жаңа технологияларды меңгерту климаттық өзгерістермен күрестегі басты басымдық екені айтылды. Ресейлік қонақ Елена Шмелева өз кезегінде Қазақстанмен білім саласындағы әріптестікке жоғары баға бере келе, бірлескен жобалардың маңызына тоқталды.
«Қазіргі жастар климаттың өзгеруіне қатысты сұрақтардың жауабын іздеуге мүдделі. Біздің ортақ міндетіміз - мектеп оқушылары мен студенттердің өзекті мәселелерді шешуге атсалысуына жағдай жасау. «Сириуста» біз қазірдің өзінде климаттық және экологиялық күн тәртібі тәуелсіз ғылым мен заманауи технологияларға сүйенетін модель құрып жатырмыз. Бұл процестің маңызды қатысушылары - қызығушылық танытқан жастар. Сонымен қатар, біз қазақстандық оқушыларды осы жұмысқа тартып жатырмыз және бірлескен білім беру бағдарламаларын өткізуге ашықпыз», - деп атап өтті Елена Шмелева.
Дөңгелек үстелге еліміздің және көршілес мемлекеттердің белсенді жастары сарапшылармен бірге қатысып, өздерінің экологиялық бастамаларын таныстырды. Сонымен қатар, шараға экология тақырыбына бей-жай қарамайтын белсенді оқушылар да қатысты. Мектеп шәкірттерінің мұндай ауқымды шараға қатысуы олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді.
Шара қорытындысында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен жиналған қатысушылар экологиялық білім берудің біріңғай стандартын әзірлеу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге келді.