Қазақстанды көруді армандаған жас зерттеуші - Алинда Ташатар

Қазақстанды көруді армандаған жас зерттеуші - Алинда Ташатар

Халықаралық ғылыми жарыстар жас зерттеушілер үшін тек білім бәсекесі ғана емес, сонымен бірге жаңа мәдени ортаға бойлап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.

Солардың бірі - Түркиядан келген 12-сынып оқушысы, жас зерттеуші Алинда Ташатар. Ол Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар конкурсында алтын жүлде иеленіп, Қазақстан туралы әсерімен бөлісті.

«Бұл сапар мен үшін мазмұны терең, ерекше шабыт сыйлаған тәжірибе болды. Бала кезімнен Қазақстанды көргім келетін. Сол арманымның орындалғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта қайта келіп, бірнеше ай осында болғым келеді. Қонақжай қабылдауларыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін», - деді жас дарын.

Ғылыми жобасын жауапкершілікпен әрі тыңғылықты әзірлеген Алинда үшін бұл сапар тек байқауға қатысу емес, көптен күткен арманының жүзеге асуы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, конкурс оған жаңа тәжірибе мен кәсіби шабыт сыйлаған.

«Осындай нәтижеге қол жеткізгеніме өте қуаныштымын әрі ризамын. Барлық қатысушылардың жобалары жоғары деңгейде болды, әрқайсысының еңбегі айқын көрінді. Сондықтан өзімнің жеңіске жететініме сенімді болмаған едім. Алтын медаль алу мен үшін үлкен қуаныш. Байқау өте әсерлі өтті, өз жобамды таныстырған сәтте қобалжығаным рас. Бірақ басқа қатысушылардың қолдауы мен жылы қарым-қатынасы маған күш берді. Сонымен қатар көптеген оқушылармен достасып, олардың зерттеу жұмыстарымен таныстым. Бұл мен үшін құнды тәжірибе болды», - деді Алинда Ташатар.