
15-17 сәуір аралығында Астана қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейі базасында Ө. Жолдасбеков атындағы 11(12) сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өтеді. Халықаралық ғылыми жарысқа Қазақстан, Тайланд және Түркия елдерінен 99 жобамен 135 оқушы қатысады.
Конкурстың негізгі мақсаты - оқушылардың ғылыми ойлау қабілетін дамыту, математика және механика салаларында дарынды оқушыларды анықтау, зерттеу дағдыларын қалыптастыру және жас ғалымдарға қолдау көрсету.
Ғылыми конкурс математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бойынша төрт бағытта өткізіледі.
Ереже бойынша конкурсқа республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары, қорытынды кезеңге өтпеген І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом иегерлері және шетелдік мектептердің ұлттық ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары қатыса алады.