
Елордада 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми конкурс өз мәресіне жетті. Сайысты қорытындылау салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі елордадағы №115 жалпы орта білім беретін «Келешек» мектебінде өтті.
«Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп келеді. Жас ғалымдарды қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы ғалымдардың еңбектерін жоғары бағалайды, күні кеше бірқатар жас зерттеушілерге пәтер кілттері табысталды. Бұл- елімізде ғылым мен білімнің дамуына нақты әрі тұрақты қолдау көрсетіліп отырғанының айқын көрінісі. Баршаңызға белгілі, біз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық. Аталған құжатта мемлекет дамуының стратегиялық басымдығы ретінде адам капиталы, ғылым және білім айқындалды. Бұл-сіздерге, жас зерттеушілерге артылған зор сенімнің белгісі. Осы жолда сіздердің еңбектеріңіз бен ізденістеріңіз ел болашағының берік негізіне айналары сөзсіз. Мемлекет басшысы сіздерге үлкен үміт артады», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы мен Түркиядан 200-ге жуық оқушы мен 20 ғылыми жетекші қатысты. Сайыстың негізгі мақсаты- дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау, жасөспірімдер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты арттыру, ғарыш саласындағы отандық және әлемдік жетістіктерді насихаттау, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту.
Үш бағыт бойынша өткен байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 22 оқушы І орын, 35 оқушы ІІ орын, 58 оқушы ІІІ орын иегері атанды.