
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдары көшбасшыларының республикалық форумын ұйымдастырды. Жиынның басты мақсаты -мектептегі өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру, балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру және жас көшбасшылардың оң имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар іс-шара жасөспірімдердің бойындағы көшбасшылық қасиеттерді шыңдауға, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға және мектептегі өзін-өзі басқару қызметінің ең үздік әрі озық тәжірибелерін анықтауға бағытталған.
Ауқымды шараға облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 100 жеңімпазымен бірге Астана қаласындағы 130 мектептің өзін-өзі басқару көшбасшылары қатысуда. Форум бағдарламасы мазмұнды іс-шараларға толы. Атап айтқанда, TEDx форматындағы пленарлық отырыс, балалар мен жасөспірімдер қозғалысының негізгі бағыттары бойынша интерактивті алаңдар жұмыс істейді. Сондай-ақ қатысушылар хореография, актерлік шеберлік, шешендік өнер, вокал және медиа сауаттылық бойынша шеберлік сыныптарына қатысып, мотивациялық talk-show қонағы болады.
Мәдени бағдарлама аясында оқушылар елорданың рухани мұрасымен танысады. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына барып, «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» қорын тамашалап, бірегей жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл форум балалар мен жастар ұжымдарын қолдауға, ең қабілетті әрі болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларды анықтауға жол ашады. Сонымен қатар мектеп өміріндегі өзекті әлеуметтік, білім беру, мәдени және экологиялық мәселелерді шешуде оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінің рөлін арттыруды көздейді.