
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева еліміздегі ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім алшақтығын жою мәселелерін талқылады. Кездесу барысында «Qazaq Digital Mektebi» инновациялық жобасын қаржыландыру және оған инвесторларды тарту тетіктері қарастырылды.
«Qazaq Digital Mektebi» жобасы қыркүйек айында еліміздің жеті облысында пилоттық режимде іске қосылады. Пилоттық жоба аясында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шағын жинақты мектептерді қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда арнайы тұжырымдама бекітіліп, таңдап алынған мектептердің техникалық жағдайы зерделенуде. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, білім ошақтарын заманауи құрылғылармен жабдықтау және сапалы цифрлық инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүріп жатыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты - ауыл мектептері үшін оқытуды басқарудың ұлттық платформасын енгізу және ол платформаны бірегей цифрлық білім беру контентімен қамту. “Qazaq Digital Mektebi” жобасының сәтті орындалуы ауыл балаларына бәсекеге қабілетті білім алуға мүмкіндік беріп, еліміздің адами капиталын дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналады.