Оқу-ағарту министрлігінде жаңа Конституцияны талқылау өтті

Оқу-ағарту министрлігінде жаңа Конституцияны талқылау өтті

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция нормаларын білім беру саласында жүзеге асыру жайы талқыланған кеңейтілген жиын өткізді. Жиын барысында жалпыхалықтық референдумның қорытындылары мен тарихи маңызына талдау жасалып, Конституцияның нормаларын жүзеге асырудың стратегиялық басымдықтары айқындалды. Шараға ҚР Оқу-ағарту вице-министрлері, аппарат жетекшісі, комитет төрағалары мен департамент директорларынан бастап министрліктің барлық қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз алған сала министрі «Жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновациялармен технологияларды және адам капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті түрде бекітілуі мемлекеттің білім саясатына деген стратегиялық көзқарасын аңғартады. Тұтастай алғанда, білім жүйесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың - жаһандық ғылыми-технологиялық өзгерістер жағдайында табысты әрі бәсекеге қабілетті технологиялық ұлт қалыптастыру міндетін кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болады. Бүгінгі таңда басты міндет - әрбір баланың тұрған жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасау. Бастауыш білімді Конституциялық деңгейде бекіту - әрбір баланың сапалы білім алуына қол жетімділігін айқындайды» - деді.

Министрлік қызметкерлері де жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесіне тигізер әсері туралы пікірлерін білдірді. Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Айтқожа Әбсадықов жаңарған Конституцияны «болашаққа бағытталған нық қадам» деп бағалады.

«Мен өзімнің мемлекеттік қызметші екенімді мақтан етемін. Жетістіктерімді қажырлы еңбек пен жинақтаған тәжірибемнің жемісі деп санаймын. Бүгінде елімізде жастардың кәсіби тұрғыдан өсуіне барлық жағдай жасалған. Ата Заңымыз бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, «Адал азамат» тұжырымдамасының игілігін сезінуге жол ашты. Адам капиталы, сапалы білім мен инновацияға ұмтылыс - мемлекетіміздің негізгі құндылықтары ретінде Конституцияда айқын айшықталған», - деді Айтқожа Әбсадықов.

Сонымен қатар жиында әлеуметтік және отбасылық құндылықтарды қорғау мәселесі де көтерілді. Заң департаментінің бас сарапшысы Бекзат Дүйсембаева Конституциядағы неке мен отбасы институтына қатысты жаңа нормалардың маңызына тоқталды.

«Көпбалалы ана ретінде Жаңа Конституцияда бекітілген неке институтына қатысты, яғни «ер адам мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы» деген норманың енгізілуін дер кезінде қабылданған әрі қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ тәрбиесінің іргетасын нығайтатын аса маңызды шешім деп санаймын», -деді Бекзат Дүйсембаева.

Сонымен бірге жиында Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Гүлсила Мұздыбекова, Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті директорының орынбасары Қожахмет Жәдігер өз пікірлерін білдірді.

Мәжілісті қорытындылаған министрліктің аппарат жетекшісі Айдос Жолманов мемлекеттік аппараттың үйлесімді жұмысы мен жаңа құқықтық нормаларды мүлтіксіз орындаудың маңызына тоқталды.