Қазақстандық оқушы пластик қалдықтарынан эко-асфальт өндіру технологиясын ойлап тапты

Қазақстандық оқушы пластик қалдықтарынан эко-асфальт өндіру технологиясын ойлап тапты

Абай облысы, Аягөз қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдулмаратова қайта өңделген пластикті пайдалана отырып, «Эко-асфальт» технологиясын әзірледі.

Жас ғалым жобамен 7-сыныптан бастап айналысып, бірнеше жыл бойына жүйелі түрде дамытты. Нәтижесінде тұрмыстық пластик қалдықтарын қайта өңдеп, оны асфальт құрамына қосуға мүмкіндік беретін шешім ұсынды.

Асфальтқа пластик қосу оның беріктігін арттырып, пайдалану мерзімін ұзартады. Мұндай өнім өзінің пайдалану сипаттамаларын 12–18 жылға дейін, кейде 20–25 жылға дейін сақтай алады. Сонымен қатар, дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда өндіріс құны төмендейді.

Жобада қосымша жол жабынының сапасын бақылауды автоматтандыру да қарастырылған. Оқушы жол бойына автономды роботтар жүйесін енгізуді де ұсынады. Оның тұжырымдамасы бойынша, «А» роботы жол бетіндегі ақауларды анықтаса, «В» роботы оларды жедел түрде жөндейді. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

«Эко-асфальт» әзірлемесі пластик қалдықтарының көлемін азайтуға және жол құрылысына заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.