
Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептерінің» директорларымен кездесу өткізіп, сала менеджерлерінің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады, Келешек мектептерінің даму стратегиясын талқылады. Кездесу барысында білім сапасын арттыру мен мектеп менеджментінің заманауи стандарттарын енгізу мәселелеріне көңіл бөлінді.
Ашық микрофон форматында өткен пікірталас барысында «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба бүгінде жаңа білім беру моделінің негізгі іргетасына айналды. Сіздер басқаратын мекемелер білім сапасы жаңа моделінің платформасы»,- деді сала министрі.
Министр өз сөзінде жасанды интеллект пен автоматтандыру дәуірінде мектептің миссиясы түбегейлі өзгеріп жатқанын айтты. Халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру Келешек мектептерінің менеджменті алдында тұрған басым бағыттардың бірі. Сол себепті, алдағы уақытта мектеп бітірушілер тек ұлттық емтихандармен шектелмей, IELTS және SAT сияқты халықаралық стандарттарға сай білім деңгейін дәлелдеуі қажет. Осыған байланысты мектептерде академиялық ағылшын тілі, сыни ойлау және аргументация дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Сонымен қатар, STEM және инженерлік бағыттарды дамыту мақсатында қолданыстағы 180 робототехника кабинеті мен 150 STEM-зертхана оқушылар үшін нақты тәжірибелік және зерттеу алаңына айналуы тиіс.
Оқу сауаттылығы мен функционалдық дағдыларды дамыту мақсатында «Келешек мектептерінде» оқырман мәдениетін қалыптастыру ісі қолға алынады. Жұлдыз Сүлейменова мектептерде «Бір айда - бір кітап» қағидатын енгізуді ұсынды. Жоба аясында барлық желілік мектептерде 12 кітаптың бірыңғай тізімі түзіліп, оқылып, талқыланады. Бұл бағыт оқушылардың дебаттық және коммуникациялық дағдыларын дамытуға көмектеспек. Сондай-ақ бұл мектептердегі тәрбие мазмұны домбыра, ұлттық спорт және бейінді сыныптар жұмысымен ұштасып, тұлғаның рухани және кәсіби толысуына жағдай жасайды.