Қостанайда информатика және математика пәндері бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Қостанайда информатика және математика пәндері бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Қостанай қаласында жаратылыстану-математикалық бағыттағы маңызды пәндер – информатика және математика бойынша 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті.

Қорытынды кезеңге еліміздің барлық өңірлерінен 311 дарынды оқушы қатысты.Олимпиада барысында қатысушылар алгоритмдік ойлау, күрделі есептерді шешу, бағдарламалау және терең математикалық талдау дағдыларын көрсетті.

Зияткерлік сайыстың басты мақсаты - дарынды оқушыларды анықтау, олардың ғылыми әлеуетін дамыту және халықаралық олимпиадаларға дайындалатын ұлттық құраманы қалыптастыру.

Білім бәйгесіне қатысушылар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. І орынға – 29, ІІ орынға – 44, ІІІ орынға – 70 жеңімпаз оқушы ие болды. Рудный университеті жеңімпаздарға 5 білім грантын табыстады.

Сонымен қатар, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар ұлттық олимпиадалық резерв құрамына енгізіліп, еліміздің намысын халықаралық білім додаларында қорғауға мүмкіндік алады.

Еске сала кетейік, биыл жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде өтуде.