Ауыл оқушылары - табиғаттың жанашырлары

Ауыл оқушылары - табиғаттың жанашырлары

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Алғабас ауылындағы Молдаш Қаналиев атындағы мектептің «Экоқорғаушылар» еріктілер тобы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына өз үлестерін қосты.

Педагог Нұрболат Серікұлы жетекшілік ететін топта бүгінде 40-қа жуық оқушы бар. Бұл оқушылар -нағыз табиғаттың жанашырлары. Экоқорғаушылар 5000-ға жуық балықты құтқарды, екі бұлақтың көзін ашты. 100-ге жуық ағаш екті, жарты тонна қоқысты қайта өңдеуге тапсырды.

Ал, «Таза Қазақстан» шарасы аясында еріктілер тобы ауыл ішіндегі арықтарды тазалап, мұз қалдықтарын шығарып, құстарға жем қораптарын орнатты. Бұл жұмыстар- табиғатқа деген жанашырлықтың және экологиялық мәдениеттің нақты көрінісі.

Топ мүшелері тек экологиялық шараларымен шектелмеді. Еріктілер жалғыз басты қарияларға көмектесіп, олардың аулаларын тазалап, ағаш отырғызды. Сонымен бірге жасанды интеллект көмегімен табиғатты қорғау тақырыбында танымдық анимациялық мультфильм әзірледі.

Жас экологтардың еңбегі елеусіз қалмады. Жуырда «ЭкоФест» байқауының қорытындысы бойынша еріктілер тобындағы 5 оқушының әрқайсысы 900 000 теңге көлемінде білім грантын жеңіп алды.