
2025 жыл қазақстандық оқушылар үшін халықаралық аренада рекордтық жыл болды. 1 720 оқушы елімізді 30-дан астам халықаралық пәндік олимпиада мен ғылыми конкурста таныстырып, жалпы есепте 1 006 медаль жеңіп алды.
Әлемнің ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиадасында Қазақстан құрамасы 27 медальға ие болды, оның ішінде 4 алтын, 13 күміс және 10 қола. Робототехника бойынша құрама төрт дүркін әлем чемпионы атанды, химия бойынша команда халықаралық олимпиаданың үш дүркін чемпионы болды, ал ғылыми физика бойынша қазақстандық оқушылар абсолютті чемпион атағын жеңіп алды. География бойынша құрама әлемде екінші орынға ие болды, ал Балқан математика олимпиадасында Қазақстан екі жыл қатарынан үздік үштікте.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордада жеке марапаттады. Жүлдегерлер мен олардың тәлімгерлеріне берілген біржолғы сыйақының жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты. Олимпиадашыларды мемлекеттік ынталандыру тәжірибесі елімізде 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп келеді, әрі Қазақстан мұндай қолдау жүйесі бар әлемнің санаулы мемлекеттерінің қатарында.
Президенттің тапсырмасымен келер жылдан бастап мемлекеттік сыйақы халықаралық ғылыми конкурстарда медаль алған оқушыларға да берілетін болады.
Бұл жетістіктер оқушылардың өз дайындығының, ұстаздар еңбегінің және ата-аналар қолдауының арқасында мүмкін болды, сонымен бірге кең мағынада білім саласындағы жүйелі реформалардың нәтижесін көрсетеді.