Білім берудің цифрлық трансформациясы

Білім берудің цифрлық трансформациясы

Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, Қазақстанның білім беру жүйесін инновациялық және икемді модельге көшіру міндетін қойды. Бұл стратегиялық қадам цифрлық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті, жаһандық цифрлық кеңістіктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алатын жаңа ұрпақты қалыптастыруға бағытталған.

Болжамдарға сәйкес, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу 2030 жылға қарай білім беру жүйесінің өнімділігін 10–15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі заманғы мектеп тек білім беру орны ғана емес, сыни ойлау, жобалық оқыту және ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын дамытатын кеңістікке айналуда. Осы мақсатта 1–9 сыныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» оқу жоспарлары қайта қаралып, цифрлық дағдылардың негізі қаланды. «QazTech» платформасындағы Ұлттық білім беру деректер базасы мен бірыңғай білім беру платформасы оқушылардың жеке білім беру траекториясын құруға және мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландыруға жағдай жасайды.

Елімізде қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты жоюға бағытталған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы сәтті іске асырылуда. Қазірдің өзінде отандық Roqed AI, Kashgari, Stem-solutions және testter.kz сияқты ЖИ құралдары оқу процесіне енгізіліп жатыр. Астана қаласындағы №99, №101, №104 , №107 мектептердің тәжірибесі көрсеткендей, жасанды интеллектіні қолдану тапсырмаларды тексеру тиімділігін арттырып, педагогтердің жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді.

Педагогтердің ЖИ құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру-мемлекеттің басым бағыттарының бірі. 2025 жылы «Өрлеу» платформасында 240 мыңнан астам мұғалім арнайы курстардан өтсе, 2026 жылы «ChatGPT Edu» жобасы аясында тағы 200 мыңнан астам маман өздерінің ЖИ-ассистенттерін құруды үйренеді. Бұл бағдарламалар мектепке дейінгі білім беруден бастап, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейлеріне дейінгі барлық салаларды қамтиды

Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастық аясында MIT-мен бірлескен «Day of AI Qazaqstan» жобасы іске асырылуда. Бұл бастама мектеп оқушыларының ЖИ сауаттылығын арттыруға және мектеп пәндеріне жасанды интеллект элементтерін интеграциялауға бағытталған. Сондай-ақ, ата-аналардың цифрлық білім беру процесіне белсенді қатысуы үшін оларға арналған арнайы оқыту курстарын құру жоспарлануда.