Кәсіби бағдар берудегі мектеп пен колледж сабақтастығы

Кәсіби бағдар берудегі мектеп пен колледж сабақтастығы

Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында Маңғыстау облысында өңірлік білім беру-өндірістік кластер құру жұмыстары басталды. Жоба өңірдегі кадр даярлау жүйесін жаңғыртуға және білім беру ұйымдары мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.

Кластердің ғылыми-зерттеу базасы ретінде Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанындағы ТЕХНОПАРК айқындалды. Университеттің заманауи зертханалық және ғылыми инфрақұрылымы білім алушылардың практикалық дағдыларын жетілдіруге, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және өндірістік серіктестермен бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Кластер құру аясында Ақтау қаласындағы Саламат Мұқашев атындағы №16 жалпы білім беретін мектеп, «Есенов колледжі» ЖШС, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті КЕАҚ және «Транстелеком» АҚ арасында төртжақты меморандумға қол қойылды. Құжат білім беру сатылары арасындағы сабақтастықты күшейтіп, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сай мамандар даярлауды көздейді.

Кластердің салалық бағыты ретінде «Есенов колледжі» ЖШС-нің «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары таңдалды. Аталған бағыттар өңірдің өндірістік және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға қажетті білікті кадрлар даярлауға басымдық береді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру мазмұны еңбек нарығы талаптарына бейімделіп, «білім - ғылым - өндіріс» интеграциясы күшейтіледі.