
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Sinovation Ventures» жасанды интеллект институтының президенті Ли Кай Фумен ресми кездесу өткізді. Кездесуде орта және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын интеграциялау және адам капиталының сапасын жаңа деңгейге көтеру жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл еліміздің технологиялық даму жолындағы нық қадамы екені баршамызға белгілі. Ведомство басшысы жасанды интеллект технологиялары тек техникалық құрал емес, әлеуметтік саясат пен мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілікті арттырудың стратегиялық ресурсы екенін атап өтті.
«Біздің жүйелі жұмысымыздың нәтижесінде бүгінде 100 мың мұғалім ChatGPT және өзге де жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде қолданудан арнайы дайындықтан өтіп, сертификаттар алды. Біздің стратегиялық мақсатымыз- жасанды интеллект әлеуетін білім берудегі инклюзияны қамтамасыз ету, оқытуды дербестендіру және мемлекеттік институттарды заманауи талаптарға сай трансформациялау үшін тиімді пайдалану», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Доктор Ли Кай-Фу министрліктің цифрлық реформаларға деген талпынысын жоғары бағалап, білім беру саласының трансформациясы бойынша өзінің концептуалды ойларын ортаға салды. Оның пікірінше, жасанды интеллект мұғалімдерді техникалық рутинадан, мәтіндерді тексеруден, тестілеуден, есеп жинақтаудан біржолата арылтып, олардың педагог-ментор және шығармашылық бағыттағы жетекші ретіндегі рөлін анағұрлым күшейтеді.
Сарапшының пікірінше, орта білім саласына жасанды интеллектіні интеграциялаудың негізгі бағыттарының бірі- білім беру мазмұнын әр оқушының когнитивті ерекшелігі мен қызығушылығына бейімдеуге бет бұру. Мысалы, пәнаралық байланыс арқылы бала қызығатын бағытты күрделі пәндермен интеграциялауға болады. Математикадағы концептілерді баланың футболға деген қызыушылығымен байланыстыра оқыту нәтижелі болмақ.
Оқу процесінде интерактивті танымдық ортаның да барған сайын маңызы арта түседі. Анимациялық технологиялар мен жасанды интеллект агенттері арқылы тарихи тұлғалармен диалог құру мүмкіндігін дамытуға болады. Бұл білімді игеру процесін академиялық деңгейден иммерсивті деңгейге көтереді. Алайда, технологиялық прогресс жағдайында креативті ойлау, коммуникация және эмпатия сияқты «жұмсақ дағдылар» еңбек нарығындағы ең басты құндылыққа айналады.
Кездесу барысында жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері және этикалық нормалар мәселесі де ерекше талқыланды. Ли Кай- Фудың болжамы бойынша, жасанды интеллект жұмыс процестерінің 60% ғана оңтайландырады, бұл мамандардың шығармашылық бағыттарға қайта бағдарлануына жол ашады.
Министрлік бұл ретте қоғамдағы, әсіресе ата-аналар мен ұстаздар қауымындағы этикалық алаңдаушылықтарды ескере отырып, ағартушылық жұмыстар мен қайта даярлау бағдарламаларын күшейтетінін жеткізді.
Кездесу нәтижесінде тараптар білім беру саласына арналған ортақ іс-қимыл стратегиясын әзірлеуге уағдаласты. Бұл ынтымақтастық аясында отандық білім беру жүйесі үшін алдыңғы қатарлы технологиялық лицензиялар алуға қолдау көрсету, локальді инновациялық компания құрылымдап, жасанды интеллект әдістемелерін ұлттық контекстке бейімдеу, «AI Kitap» және №107 мектепте қолға алынған пилоттық жобалардың аясын кеңейту көзделуде.