
Астана қаласындағы №109 жалпы орта білім беретін мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған елдегі 217 мектептің бірі. Білім ордасында бүгінде 1300 ге жуық оқушы білім алып жатыр.
Мектепте қазір оқушыларға кәсіби бағдар беру ісі қарқынды түрде жүргізілуде. Оның мақсаты оқушылардың қабілеттерін ерте анықтап, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік беру. Оқу ордасына кәсіптік бағдар беруші педагог штаты енгізілді.
Мектеп директоры Жанар Ермұхамбетова – «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлегі. Оның айтуынша мектептердегі кәсіби бағдар беру туралы бастама ата-аналар тарапынан қолдау тауып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, орта білім беру ұйымдарындағы ерте кәсіби бағдарлау бағытындағы білім беру процесі оқушылардың жеке қабілеттерін, қызығушылықтарын, құндылықтарын анықтауды көздейді.