
Бүгін Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия мен №№56 жалпы білім беретін орта мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі өтуде. Облыстық кезеңге 249 білім беру ұйымдарынан 1 251 оқушы қатысуда. Қатысушылардың 896-сы қазақ тілінде білім алады.Қатысушылар құрамы:
аудан мектептерінен 415 оқушы,
қала мектептерінен 652 оқушы,
облыстық білім беру ұйымдарынан 184 оқушы, ал Әйтеке би және Ырғыз аудандарынан 51 оқушы өз аудан орталықтарынан қатысуда.
Олимпиаданың ашықтығы мен академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында мүдделі емес «үшінші тұлғалар», яғни ата-аналар комитеті, облыстық мәслихат пен «AMANAT» партиясының мүшелері, Балалардың құқығын қорғау департаментінің, Ардагерлер кеңесінің өкілдері тәуелсіз бақылаушылар ретінде тартылды. Олар олимпиаданың барлық кезеңінде оның әділ әрі ашық өтуін бақылауда.
Тәуелсіз бақылаушылардың қатарында физика- математика лицейінің 10-сынып оқушысының ата-анасы Руслан Әділханов та болды. Ол таңертеңнен бастап олимпиада тапсырмаларының дайындық кезеңдерін бақылау мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті: тапсырмалар министрліктің электрондық поштаға түскен сәтінен бастап оларды басып шығару, конверттерге бөліп салу және тығыздау процесіне дейін. Оның айтуынша, тапсырмаларды ұйымдастыру және тарату процедурасының барлығы ашық, көрнекі және айқын түрде өтті, белгіленген талаптарға сай жүргізілді, бұл олимпиаданың объективтілігі мен академиялық адалдығын растайды.
«Барлық процедура ашық, көрнекі және айқын түрде өтті. Тапсырмалардың таралуы белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, бұл олимпиаданың объективтілігі мен адалдығына сенім тудырады», — деп атап өтті ата-ана.