
2026 жылғы 10-15 қаңтар аралығында Алматыда оқушыларға арналған математика, физика және информатика бойынша 22-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді.
Олимпиадаға әлемнің 16 елінен 612 оқушы мен 122 жетекші қатысады. Қатысушы елдер қатарында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Үндістан және Өзбекстан бар. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталады.
Олимпиада бес күнге созылады және екі турдан тұрады. Тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және халықаралық қазылар алқасымен құрастырылған.
Математика, физика және информатика пәндері бойынша мектеп оқушыларына арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 22-ші рет ұйымдастырылуда. Биыл ол Алматы қаласында өтеді. Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталады, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен алтын, күміс және қола медальдарға ие болады.