СКО-дағы Президенттік шырша: балалар арманы орындалатын мереке

СКО-дағы Президенттік шырша: балалар арманы орындалатын мереке

Петропавл қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан дәстүрлі Президенттік шырша өтті. Президент өз ұстанымында балалар - Қазақстанның болашағы екенін бірнеше мәрте атап өткен. Сондықтан еліміздегі әрбір баланың мейірім мен қамқорлықта өсіп, үлкендердің қолдауын сезініп, ертеңгі күнге сеніммен қарауы аса маңызды.

Мерекеге Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген оқуда озат, олимпиада жүлдегерлері, белсенді оқушылар, сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы балалар қатысты. Президенттік шыршаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те келіп, Мемлекет басшысының атынан құттықтау жеткізді. Ол балаларға зор денсаулық, оқуда табыс, жаңа жетістіктер және алдағы Жаңа жылда ең асыл армандарының орындалуын тіледі.

"Бүгін бұл жай ғана мерекелік шара емес, бұл - ертегіге толы көңіл күй, жақсы әсер, үлкен эмоция мен сиқырлы сәттер. Мұның бәрі сіздер үшін, Солтүстік Қазақстан облысының талантты, мақсатшыл, үздік оқушылары үшін ұйымдастырылды", - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Мереке С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өтті. Қойылым басталмай тұрып-ақ фойеде жас таланттардың сурет көрмесі ұйымдастырылды. Балалардың жұмыстары мерекенің жалпы атмосферасын - шынайы, жылы әрі бала көңіліне тән қуанышты көңіл күйді одан әрі толықтырды.

Қатысушылардың киім үлгілері де ерекше әсер сыйлады. Балалар алдын ала мұқият ойластырылған костюмдермен келді: біреулер ертегі кейіпкерлерін таңдаса, енді бірі ұлттық нақыштағы образдарға тоқталды, тағы бірі болашақтың символдарын бейнеледі. Шал ақын ауданынан келген Алексей Шишков жасанды интеллект бейнесін таңдаған.

"Костюмді 20 күн дайындадық. Маған 5 мұғалімім көмектесті. Бұл - сфера, ал мынау - дулыға. Мен математикамен айналысамын, оқимын. Жақсы сурет саламын", - деді Алексей Шишков.

Жас қонақтарға арнап әртістер театрландырылған қойылым ұсынды. Ертегі кейіпкерлері, шығармашылық номерлер және жарық-музыкалық безендіру балаларды нағыз жаңа жылдық ғажайып атмосферасына бөледі.

Көптеген қатысушы ұлттық нақыштағы костюмдерді таңдаған. Бұл Қазақстанның мәдени әралуандығын және дәстүрге деген құрметін тағы бір мәрте айқындай түсті.

"Менің костюмім Қазақстанның киелі орны - Тамғалы-Тасқа шабыттанып жасалды. Адамдар тастарға күн белгілерін, адамдарды, жануарларды және аңшылық көріністерін бейнелеген. Күн - өмір мен жылуды, жануарлар - күш пен табиғатты, ал адамдар - адамның қоршаған ортамен байланысын білдірген. Костюмімдегі өрнектер осы белгілерді қайталайды. Олар ата-бабалардың даналығын және табиғатқа деген құрметін көрсетеді", - деді Президенттік шыршаға қатысушы Камила Жантлеева.

Бағдарламаның бір бөлігі Қазақстан тарихымен таныстыруға арналды. Алда Жылқы жылы келе жатыр - түркі көшпенділерінің сенімді серігі, қозғалыс пен қуаттың символы. Балаларға біздің өңір аумағында 5 мың жылдан астам уақыт бұрын адам жылқыны алғаш рет қолға үйреткені еске салынды. Бұл - жылқы шаруашылығы мен салт атты мәдениетінің дамуына жол ашқан маңызды кезең.

Қойылымнан кейін балалар бірлесіп хороводқа тұрып, алдағы мерекенің басты символы - жаңа жылдық шыршаны жақты. Осы сәт кештің шарықтау шегі болды. Жалпы Президенттік шыршаға 200 бала қатысты. Олардың әрқайсысы үшін бұл күн әсем шара ғана емес, ұзаққа сақталатын жылы жаңа жылдық естелікке айналды.