2025 жылы республикалық кадр резервіне 403 жаңа басқарушы енді

2025 жылы республикалық кадр резервіне 403 жаңа басқарушы енді

2025 жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 403 педагог республикалық кадр резервіне қабылданды. Бұл білім беру жүйесінде басқарушылық әлеуетті күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылдан бері іске асырылып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде жүзеге асырылатын бастаманың басты мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға нақты өзгерістер енгізе алатын жаңа буын көшбасшыларын даярлау.

Іріктеуден өткен педагогтер мен мектеп директорларының орынбасарлары үш деңгейлі оқыту бағдарламасынан өтті. Бағдарламаны сәтті аяқтаған қатысушылар кадрлық резервке еніп, бос басшылық лауазымдарға конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ тағайындалу құқығына ие болды.

Жоба іске асырылған үш жылы ішінде жалпы саны 986 маман кадрлық резервке қабылданды. 2023-2024 жылдары 583 педагог резервист атанып, олардың 419-ы немесе 71 пайызы басшылық лауазымдарға тағайындалды. Оның ішінде 41 директор «Келешек мектептерін» басқаруда. Нәтижесінде еліміздегі мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы білім беру саласындағы кадрлық саясатты жаңғыртып, басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға және сапалы білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.