
Бүгін Астанада жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды. «Жұмысшы мамандықтар жылы: жетістіктер, даму, перспективалар» атты салтанатты кеште еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі жетістіктері мен жаңа бастамалар таныстырылды. Шараға ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты. ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осы жиында кәсіптік білім беру саласындағы сұрақтар туралы баяндады.
Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында министрлік тарапынан техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуға бағытталған жұмыс жасалды. 2025–2026 оқу жылына барлығы 189 мың талапкер қабылданып, соның ішінде 145 мың бала мемлекеттік грантқа ие болды. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталып, 9-сынып түлектері негізінен геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия, көлік және құрылыс секілді сұранысқа ие бағыттар бойынша тегін білім алып жатыр. Колледждерде жалпы 556 мыңнан астам студент бар, олардың 393 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алуда.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова түлектердің алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту мәселесіне назар аударды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің жалпы жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары болғанымен, олардың тек шамамен 50 пайызы ғана өз мамандығы бойынша еңбек етуде. Бұл кадр даярлау мен экономиканың нақты қажеттіліктері арасындағы үйлесімнің жеткіліксіздігін көрсетеді. Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда елімізде 763 колледж бар, оның 149-ы ауылдық жерде, 614 қалада орналасқан.