
Афина, 2025 жылғы 17 желтоқсан – Грекиядағы Қазақстанның Елшілігінде Қазақстанмен жоғары технологиялық экономика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға және ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытқан жетекші грек инновациялық компаниялары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға TheThoms, IONOS Industrial Agridrones & Smart Farming Solutions, CUBEiE компанияларының, сондай-ақ CERTH зерттеу орталығының (Грекияның Көлік институты) өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қазақстан Республикасында инновациялық шешімдерді енгізу және жергіліктендірудің практикалық аспектілері, оның ішінде жасанды интеллект негізіндегі цифрлық технологиялар, интеллектуалды көлік жүйелері, дәлме-дәл егіншілікке арналған дрондарды қолдану, сондай-ақ декарбонизациялау және энергия тиімділігін арттыру технологиялары талқыланды.
Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин грек тарапын Қазақстанның цифрландыру, орнықты даму, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Қазақстанның озық технологиялар мен шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған мемлекеттік саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқаны, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар мен инновациялық кластерлер шеңберінде ұсынылатын қолайлы инвестициялық ахуал, салықтық және әкімшілік преференциялар атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар пилоттық жобаларды іске қосу, ғылыми-техникалық алмасуды кеңейту, аграрлық секторға инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ «жасыл» және орнықты технологиялар трансферін қоса алғанда, практикалық өзара іс-қимылды дамытуға өзара мүдделілігін растады.