Әлемде Қазақстан педагог еңбегі жоғары бағаланатын елдердің тізімінде екінші орында – оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

Әлемде Қазақстан педагог еңбегі жоғары бағаланатын елдердің тізімінде екінші орында – оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Академиялық адалдық лигасының «Адал білім – адал ұрпақ» республикалық форумының аясында білім беру жүйесінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мәселелерін талқылауға қатысты.

Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылған шараға Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, жоғары оқу орындарының ректорлары, орта білім ұйымдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Министр Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған ауқымды реформалардың нәтижесінде білім беру ұйымдарында педагогтер мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалғанын, бұған дәлел ретінде халықаралық TALIS 2024 зерттеуінің бағалауында қазақстандық педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту бойынша ілгерілеудің бар екендігін айтты.

«TALIS 2024 халықаралық зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстан педагогтердің еңбегін бағалау бойынша әлем елдерінің арасында екінші орында, мектептегі ішкі ахуал да жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл жетістіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласындағы реформаларының тиімділігін айқындайды», - деді министр.

Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова білім саласын инфрақұрылымдық, сапалық, мазмұндық жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру, академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытындағы негізгі жұмыстарға тоқталды.

«Қазіргі уақытта педагогтер мен оқушылар арасында жасанды интеллектті тиімді қолдану мәдениетін қалыптастыру, адалдық қағидаттарын сақтау және бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу өзекті мәселе. Академиялық адалдықты нығайту, оны жаңа технологиялар дәуіріндегі білім беру үдерісінің өзегіне айналдыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Себебі, ол – білім сапасының, жауапты азамат қалыптастырудың және елдің болашақ дамуының негізгі тірегі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Форум аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Академиялық адалдық лигасы арасында академиялық адалдықты дамытуды қарастыратын меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, меморандумды іске асырудың 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.