
Елордада орталық атқарушы органдармен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сұрақ-жауап форматында өткен талқылауда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтерді аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді.
Кездесуде ауыл әкімдерінің тарапынан магистратура бітірген педагогтерге біліктілік санатын автоматты тағайындау жөнінде ұсыныс айтылды. Оған қатысты өз ойымен бөліскен еліміздің бас ұстазы аттестаттау аясында соңғы уақытта қоғамда үлкен пікірталас тудырған педагог-зерттеушілердің авторлық бағдарламасына қатысты да айтып өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев педагогтерді қорғауды және қолдауды тапсырды. Бүгінде осы бағытта «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізілуде. Министрлік педагогикалық қауымдастықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ұстаздарды аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесін пысықтауда. Оның ішінде ұстаздардың авторлық бағдарлама әзірлеуіне қатысты мәселе бүгінде өзекті болып отыр. Ал магистратура бітірген ұстаздарға бірден біліктілік санатын беру жөніндегі ұсынысқа мен қарсымын. Себебі, орта білім жүйесінде мұғалімнің біліктілігі оның сабақ берудегі кәсіби шеберлігінің деңгейіне қарай бағалануы тиіс», - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министр кездесуде сондай-ақ шағын жинақты мектептерді қолдау шаралары күшейтілетінін де айтты. Ауылдық елді мекендердегі білімнің сапасын жақсарту, оқу үдерісінің тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылданады. Бұл ретте педагог мамандарды тарту, оларға қолдау көрсету бағытында нақты бастамалар жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бүгінде министрлікке педагогтерден аттестация қағидаттарын қайта қарау жөнінде көптеген ұсыныстар келіп түсуде.
Еліміздің білім беру жүйесінде 600 мыңға жуық педагог қызмет етеді.